Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаттары педагог мәртебесі мен білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа заң жобасын, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін тиісті түзетулерді қарауға қабылдады, деп жазады Alash.kz.
Аталмыш құжат мектеп мұғалімдерін сабақтан тыс уақытта оқушылардың іс-әрекеті үшін жауапкершіліктен босатуды көздейді. Заң жобасындағы негізгі өзгерістердің бірі – педагогтардың балалардың өмірі мен денсаулығына қатысты жауапкершілік аясын нақтылау. Жаңа нормаларға сәйкес, мұғалімдер тек оқу процесі кезінде ғана оқушылар үшін жауапты болады. Ал сабақтан тыс уақытта, атап айтқанда, кешкі мезгілде және каникул кезеңінде балалардың қауіпсіздігіне тікелей ата-аналары жауапты деп танылады.
Пленарлық отырыс барысында депутат Асхат Аймағамбетов аталған өзгерістердің маңыздылығын атап өтіп, келесідей мәлімдеме жасады:
«Құжатпен келесі нормалар ұсынылады. Біріншіден, педагогтардың балалардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілігі тек оқу процесі кезеңінде ғана анықталуы қарастырылған, яғни оқудан тыс уақытта, сондай-ақ каникул кезінде және кешкі уақытта жауапкершілік ата-аналарға жүктелуі тиіс. Бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысының Тамыз конференциясында берген тапсырмасы бар. Екіншіден, педагогтарды өздерінің кәсіби қызметіне жатпайтын түрлі іс-шараларға тартуға жол бермеу туралы норма енгізілді».
Сонымен қатар заң жобасы аясында мұғалімдерді қызметтік міндеттеріне кірмейтін жұмыстарға мәжбүрлеуге тыйым салатын нормаларды күшейту жоспарлануда. Бұл шаралар ұстаздардың кәсіби мәртебесін нығайтуға және олардың тек білім беру ісіне шоғырлануына жағдай жасауға бағытталған.