Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жауапкершілік арқалайды…»: Министрлік дәрігерлер үшін өте маңызды ақпарат айтты

19:24, 28 сәуір 2026

Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу барысында құқықтық жауапкершілік мәселесі нақтыланды, деп жазады Alash.kz. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің мәлімдеуінше, цифрлық көмекшілердің қатысуымен қабылданған кез келген медициналық шешімге тікелей маман жауапты болады. Бұл ЖИ-дің заңдық тұрғыдан дербес субъект емес, тек қосымша технологиялық құрал ретінде қарастырылуымен байланысты.

Қазіргі таңда отандық медицина саласында дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге арналған арнайы ЖИ-ассистенті қолданысқа енгізілді. Бұл жүйе науқастармен жүргізілген әңгімелерді хаттамалау, зертханалық талдау нәтижелерін өңдеу және алдын ала диагноз нұсқаларын ұсыну функцияларын атқарады. Технология компьютерлік томография суреттерін қас-қағым сәтте сараптап, адам көзі байқай бермейтін қауіпті белгілерді көрсете алғанымен, соңғы қорытындыны маман бекітуі тиіс.

Вице-министр Ростислав Коняшкин цифрлық құралдарды таңдау еркіндігіне де тоқталып өтті. Ол өз сөзінде:

«Бұл біз жаппай енгізуге мәжбүрлейтін мемлекеттік жүйе емес, бұл — құрал. Әрбір емхананың қазір жабдық сатып алуға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар жасанды интеллектке қатысы жоқ өзге де құралдарды сатып ала алады», — деп атап өтті.

Демек, медициналық мекемелер өз қажеттіліктеріне қарай нарықтағы түрлі технологиялық шешімдерді дербес таңдауға құқылы.

Айта кету керек, қоғамда жасанды интеллектіні жаппай қолдануға қатысты сыни пікірлер де жоқ емес. Атап айтқанда, белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев пен қоғам белсендісі Ғалым Байтұқ бұл үдерістің тәуекелдеріне назар аударған болатын. Соған қарамастан, министрлік өкілдері технологияның көмекші рөлін алға тартып, оның тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Негізгі басымдық — цифрлық шешімдердің дәрігер біліктілігін алмастырмай, тек оның жұмыс сапасын жақсартуына жағдай жасау.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар