Семей қаласында кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты әдепсіз әрекеттер жасады деген күдікпен 42 жастағы ер адам құқық қорғау органдарының қолына түсті. Оқиға қоғамда кең резонанс тудырып, әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Жасөспірімнің әкесі жариялаған бейнежазбада белгісіз азаматтың баласына хабарламалар жазып, интимдік сипаттағы фотосуреттерді жіберуді талап еткені айтылған. Дәл осы видео құқық қорғау органдарының жедел әрекет етуіне негіз болған.
Абай облысының Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктінің жеке басы анықталып, ол полиция бөліміне жеткізілген. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын қамтитын жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр.
Тергеу қорытындысы бойынша күдіктінің әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар, ер адамның денсаулық жағдайына байланысты оны мамандандырылған медициналық мекемеге орналастыру мәселесі де қарастырылуда. Аталған іс Абай облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды.