Танымал жайдарманшы әрі блогер Мереке Қалбаева режиссерлік бағытта бағын сынап, «Махаббат жасқа қарамайды» атты романтикалық-комедиялық фильм түсірді, деп жазады Alash.KZ.
Кинотуынды 12 қарашадан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрерменге жол тартады.
Фильмнің негізгі өзегі – шынайы сезімнің жас ерекшелігіне тәуелді еместігі. Авторлар махаббаттың алдында жас айырмашылығы да, өзге де кедергілердің дәрменсіз екенін әзіл мен романтика арқылы жеткізуді көздеген.
Бір қызығы, фильмнің атауы мен оқиғасы Мереке Қалбаеваның жеке өмірімен де үндеседі. Блогердің оқырмандарына белгілі болғандай, оның жолдасы Арсен Мерекеден алты жас кіші.
Осылайша, экрандағы махаббат хикаясы автордың өмірлік тәжірибесімен де астасып, көрерменге сезімнің жасқа қарамайтынын өзінше жеткізбек көрінеді.