Ақтөбе қаласының «Жібек жолы» тұрғын алабында орналасқан Lider жанармай бекетінде төтенше жағдай орын алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Газ толтыруға келген ГАЗель автокөлігі кенеттен өртеніп, соңынан жалын газ колонкасына жайылған. Қазіргі уақытта көліктің не себепті өртенгені белгісіз.
Оқиға орнында 46 өрт сөндіруші жұмыс істеп, тілсіз жаудың ауқымы кеңеймеуі үшін шұғыл шаралар қабылдады. Мамандардың кәсіби іс-әрекетінің арқасында оттың маңайдағы 6 бензин және 2 газ колонкасына көшуіне жол берілмеді.
Мамандардың мәліметінше, өрт толықтай ауыздықталды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Алайда, жанармай бекетінің тұрғын үйлерге жақын орналасуы қауіпсіздік талаптарына қатысты сұрақтар туғызып отыр.
Өрт сөндіру бөлімі оқиғадан кейін былай деп мәлімдеді: «Тілсіз жаумен 46 өрт сөндіруші күресті. Олар оттың маңайдағы өзге де колонкаларға таралуына жол бермеді».