Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жаңа тыйым: Мүфтият қажылыққа апаратын туристік компнияларға қатысты ел күтпеген шешім шығарды

11:59, 01 қыркүйек 2026

2027 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) өткізген арнайы конкурстан өтіп, отандастарымызды қажылыққа апару құқығына тек төрт туристік компания ие болды, деп хабарлайды Alash.kz.

Жыл сайын лицензиясы жоқ турфирмаларға алданып, қаражатынан айырылатын азаматтардың көбейуіне байланысты Мүфтият қажылық сапарын ұйымдастыратын туроператорларды қатаң іріктеу тәртібін енгізді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі бұл бастаманың негізгі себептері мен мақсатын түсіндірді.

«Іріктеудің негізгі мақсаты – қазақстандық қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, отандастарымыздың Сауд Арабия аумағында қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ Сауд тарапының қажылық саласына қатысты заңды талаптарын сақтау. Туристік фирмаларды арнайы құрылған комиссия іріктейді. Олардың лицензиясын мүфтият «Туристік Қамқор» корпоративті қоры арқылы тексереді», - деп хабарлайды Діни басқарма өкілдері.

Арнайы комиссияның шешімімен 2027 жылғы қажылық маусымын ұйымдастыруға ресми түрде рұқсат алған мекемелер: «Атлас Туризм» ЖШС, «Нұрхан Тревел» ЖШС, «Тауаф Тревел» ЖШС және «Хикмет Тревел» ЖШС.

Сонымен қатар, Діни басқарма конкурстан өте алмай қалған өзге компаниялардың да мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

«Аталған ашық конкурстан өтпей қалған туроператорлар заңды түрде белгіленген тәртіпте жоғарыдағы туроператорлардың бірімен субагенттік негізде қажылық сапарын ұйымдастыруға мүмкіндігі бар», - деп хабарлайды Мүфтият.

Еске сала кетейік, елімізде қажылыққа қатысты алаяқтық оқиғалары жиі тіркеледі. Бұған дейін Астанада 37 азаматты «қажылыққа апарамын» деп алдап, 60 миллион теңгелерін иемденген күдікті сотталған болатын. Ал Таразда жергілікті имам ерлі-зайыпты қариялардан 3 000 доллар алып, сапарды ұйымдастырмаған. Сондай-ақ зардап шеккен қариялар төрт ай бойы қаражаттарын қайтара алмай, редакциямыздың бірнеше зерттеу материалынан кейін Мүфтият араласып, ақшалары толық қайтарылған еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар