Мәжіліс депутаты Снежана Имашева жаңа Конституция жобасындағы қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндер арасындағы айырмашылыққа байланысты пікір білдірді, деп жазады Alash.KZ.
Жаңа Конституцияның орыс тіліндегі нұсқасында білім беру мен медициналық көмекке қатысты «ақысыз», «тегін» деген сөздер көрсетілмеген. Осыған байланысты журналистер екі тілдегі мәтіндердің сәйкессіздігі туралы сұрақ қойды.
Депутаттың айтуынша, Конституцияның қазақ тіліндегі нұсқасында бұл мәселе нақты көрсетілген.
«Конституцияның 32–33-баптарында азаматтардың тегін медициналық көмекке және тегін орта білім алуға құқығы бар деп жазылған. Қазақша нұсқасын қараңыздар, онда “ақысыз” деген сөз бар», – деді Снежана Имашева.
Алайда аталған тұжырым Конституция жобасының орыс тіліндегі мәтінінде кездеспейді. Qaz365.kz жазғандай, депутат мұны редакциялық қателік болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Қазақша нұсқасында тегін білім алуға кепілдік берілген. Қажет болса, редакциялау барысында бұл сөз орысша мәтінге де қосылады. Бұл аса үлкен мәселе емес», – деп түйіндеді депутат.