Кентау қаласында Жаңа жыл түні дәмханада орын алған газ баллонының жарылысына қатысты сот процесі аяқталып, айыпталушыларға қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот шешімімен қайғылы жағдайға қатысты екі азамат жауапқа тартылып, бас бостандықтарынан айырылды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзған дәмхана иесі Ақжан Абдрасұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды. Сондай-ақ оған 3 жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынып, сот залынан тікелей қамауға алынды. Мұнымен қоса, ол марқұмдардың ата-анасына 10 миллион теңгеден, яғни жалпы есеппен 20 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Ал тұрмыстық баллонға газ толтырып беріп, пайдалану талаптарын бұзған жанар-жағармай бекетінің 23 жастағы оператор-кассирі 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленуші тараптың оған кешірім беруі де оны жазадан құтқара алмады.
Бұл оқиға шаңырақ көтеруге дайындалып жүрген қос ғашықтың өмірін қиған еді. Ауыр апаттан 18 жастағы Дана Сағынғалиқызы оқиға орнында тіл тартпай кетсе, денесінің 90 пайызын күйік шалған Бақдәулет Мұса сегіз күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, көз жұмған болатын. Куәгерлер дәмханада бастапқы өрт сөндіру құралдары мүлдем болмағандықтан, өртті тіпті қымызбен сөндіруге мәжбүр болғандарын айтқан еді.
Сот үкімі шыққаннан кейін марқұм Бақдәулет Мұсаның анасы Шолпан Ахметова бұл шешімді толық қолдайтынын білдіріп, басқа кәсіпкерлерге сабақ болуы керектігін айтты. Орны толмас қайғыдан соң анасы төмендегідей төл сөзін келтірді:
«Олар сотталғанымен, үйіне оралады, анасын көреді. Ал мен баламды енді ешқашан көре алмаймын. Сондықтан әділ шешім шықты деп ойлаймын. Басқа кәсіпкерлер өрт қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарасын деймін. Бұл оқиға болмағанда баламды үйлендіріп, қос жас бақытты өмір сүріп отырар еді».