Елімізде баспана кезегінде тұрғандар мен белгілі бір сала мамандары үшін мемлекеттік қолдаудың жаңа тетігі таныстырылды, деп жазады Alash.kz.
ҚР Үкіметі көмір генерациясын дамытуға бағытталған ұлттық жобаны бекітіп, соның аясында арнайы жеңілдетілген ипотека түрін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл бағдарлама энергетика саласының қызметкерлерін әлеуметтік қорғауға бағытталған.
Жаңа жоба аясында тек баспана мәселесі ғана емес, жұмыссыздық мәселесі де шешімін таппақ. Ресми мәліметке сәйкес, аталған бастама 4,5 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осы саланың мамандары үшін «Отбасы банк» арқылы қолжетімді несиелендіру шарттары қарастырылып жатыр.
Үкімет өкілдері аталған жобаның әлеуметтік маңызына тоқталып, келесідей мәлімдеме жасады:
«Жаңа жұмыс орындарын ашу, соның ішінде 4,5 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құру, сондай-ақ әлеуметтік қолдау шараларын енгізу жоспарланған. Отбасы банкімен бірлесіп, көмір электр станцияларының қызметкерлері үшін жеңілдетілген ипотека бағдарламасы іске қосылады».
Жобаның негізгі мақсаты — көмір электр станцияларында еңбек ететін қызметкерлерді ынталандыру және олардың тұрмыстық жағдайын жақсарту. Бағдарламаның нақты пайыздық мөлшерлемесі мен бастапқы жарна көлемі алдағы уақытта жарияланады.