8 ақпан күні өткен «Жаңа адамдар» жастар форумы Қазақстанның азаматтық қоғамы үшін маңызды оқиғаға айналды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет белсенді жастармен еркін форматта кездесті. Ашық диалог алаңында қатаң хаттама да, ресми баяндамалар да болған жоқ – тек шынайы пікірталас, батыл идеялар мен нақты бастамалар ортаға салынды.
Бүгінде Қазақстан маңызды таңдау алдында тұр: жастарға өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік беру немесе жаңа ұрпақтың билікке деген сенімсіздігімен бетпе-бет келу. Мемлекет екінші жолдың тығырыққа тірейтінін түсініп, «Жаңа адамдардың» қоғам мен билік арасындағы көпірге айналуына мүмкіндік беріп жатқанын аңғаруымызға болады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Аталмыш форум Қазақстанда жастар мен билік арасындағы жаңа диалог мәдениетінің қалыптасып жатқанын көрсетті. Бұл жай кездесу емес, нақты шешімдер ұсынылып, өзгерістер талқыланатын ашық платформа болды.
Кедергісіз формат: жастар күн тәртібін өздері қалыптастыруда
Қозғалыс жетекшісі Әсел Баденова Президентке ұйымның осыған дейін атқарған игі істері мен азаматтық бастамаларын таныстырды:
- Қазақстанның 19 қаласында кампустар жұмыс істейді;
- 15 мың белсенді жас қозғалысқа мүше;
- Қозғалыс мүшелері елімізде көптеген маңызды азаматтық бастамалар мен акцияларды ұйымдастырды. Жастар вандализм, заңсыз қоқыс төгу, кәмелетке толмағандарға ішімдік сату, есірткі тарату сияқты әлеуметтік мәселелерге қарсы күрес жүргізіп, өздерінің азаматтық ұстанымдарын белсенді түрде танытып келеді.
«Жаңа адамдар» – жаңа қоғамның айнасы
Мемлекет басшысы форумға жиналған жалынды жастардың бойындағы Отанға, елге деген сүйіспеншілігі мен құрметін жоғары бағалап, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың әр жетістігіне қуанып, әр бастамасын қолдайтынын жеткізді.
«Қазақстанның жастары – жасампаз. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Жаңа ғана өте жақсы ойлар айтылды. Тың идеялар, игі бастамалар бар. Сіздердің сөздеріңізді тыңдап, форум атмосферасын сезіне отырып, кеудемді мақтаныш кернеді. Қазақстанның болашағына деген сенімім нығая түсті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент қазақ халқының үйренетін де, үйрететін де ұлт болуы керек екенін атап өтті.
«Біз жұрттан көш ілгері жүретін ел боламыз. Үйренетін де, үйрететін де ұлт боламыз. Жастар барлық өзгерістің бастауында тұрады. «Жаңа адамдар» – жаңа болмыс! Бұл – өз еліне адал жастардың қозғалысы! Біздің стратегиямызға қолдау білдірген сіздерге алғыс айтамын. Реформаларымыздың мән-маңызы ұрандарыңызда көрініс тапқан. Бұл өзгерістер Әділетті Қазақстанды құру, «Заң мен тәртіпті» қамтамасыз ету тұжырымдамасына негізделген», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан – жастар үшін мүмкіндіктер елі
Қасым-Жомарт Тоқаев елге адал қызмет ету – жауапкершілік алудан қорықпайтын батыл азаматтардың қолынан келетін жұмыс екенін атап өтіп, Қазақстанда жастарды қолдаудың нақты тетіктері іске асырылып жатқанын айтты:
- Ұлттық қордан балаларға бөлінетін қаражат – әр бала туғаннан бастап жеке есепшотына ақша жинайды;
- Гранттар, стипендиялар, қолжетімді білім беру жүйесі;
- «Болашақ» бағдарламасы және Президенттік жастар кадрлық резерві – жастардың мемлекеттік басқаруға келу мүмкіндігі;
- Парламент пен мәслихаттардағы жастар квотасы – саяси шешімдерге ықпал етудің нақты құралы;
- Креативті индустрияны дамыту – әдебиет, кино, музыка, IT, гейм-девелопмент салаларындағы жаңа мүмкіндіктер.
Төменнен бастау алған қозғалыс
Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа адамдар» қозғалысын қолдап, жастардың үні ел болашағы үшін шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Бұл – маңызды белгі. Қазақстанға өз пікірін ашық айтып, нақты шешімдер ұсына алатын жаңа буын көшбасшылары қажет.
«Жаңа адамдар» – бұл қоғамның өздігінен ұйымдасуының жарқын көрінісі. 2022 жылдың күзінде белсенділердің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі осы қозғалыстың кеңінен танылуына себеп болды. Дегенмен, сол сәттен кейін де «Жаңа адамдар» қандай да бір ресми құрылымға айналған жоқ. Жастар ешкімнің қолдауын күтпей-ақ, экология, әлеуметтік әділеттілік және қала дамуы мәселелерін шешу үшін өздері әрекет етуде.
«Жаңа адамдар» – өзекті мәселелерді ашық талқылайтын еркін алаң. Мұнда жастарды толғандыратын нақты сұрақтар көтеріледі, күн тәртібін шенеуніктер емес, қоғамның өзі айқындайды.
Мысалы, 2023 жылдың қарашасында Алматыда өткен «Хайуандар әлеміне жоқ де» атты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы акция үлкен қоғамдық резонанс тудырды. 600-ден астам адам қатысқан бұл шара заңдарды қатаңдату жеткіліксіз екенін, ең алдымен, қоғамдық сананы өзгерту қажет екенін көрсетті. Бұл – «Жаңа адамдардың» қоғамға маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретін платформа екенін дәлелдейтін жарқын мысалдардың бірі.
Жастар көтеретін негізгі мәселелер:
- заңсыз қоқыс үйінділерімен күрес;
- кәмелетке толмағандарға алкоголь сатуды тоқтату;
- вандализмнің алдын алу;
- қала инфрақұрылымын (жарық, жол, жаяу жүргіншілер жолы) жақсарту;
- таксиде жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- әлеуетті қылмыскерлер мен қоғамға қауіп төндіретін тұлғаларды анықтау және т.б.
«Жаңа адамдардың» қызметіне билік тікелей ықпал ете алмайды, алайда оның бастамалары мемлекеттік шешімдерге әсер етуде. Қозғалыс белсенділерінің арқасында экологиялық мәселелер күн тәртібіне шығарылып, жасөспірімдер қылмысы туралы тақырып қоғамда кеңінен талқылана бастады.
Бұл қозғалыс билік үшін тиімді құрал болуы мүмкін, өйткені ол жастар мәселелерін шешуге көмектеседі. Дегенмен, белсенділердің бастамалары кейде жүйені алаңдатуы да мүмкін. Себебі олардың әрекеттері алдын ала белгіленген жоспарға емес, қоғамның шынайы сұранысына негізделген.
Мысалы, 2024 жылы Астанада өткен «Қазақстан - бар ғұмырым» атты бірінші жастар конвенті ел жастарының мемлекет дамуы туралы өз көзқарастары бар екенін көрсетті. Бұл жай ғана кездесу емес, елдің болашағына қатысты жаңа күн тәртібін ұсынған пікірталас алаңы болды. Бір алаңда алғаш рет 7000-нан аса белсенді азаматтық ұстанымы бар, креативті, шығармашыл жастар жиналып, «Қазақстан – бар ғұмырым!»,- деген ұранды бүкіл елге жеткізді.
«Жаңа адам» деген кім?
«Елу жылда ел жаңа» деген нақылдың растығына тарих талай мәрте көз жеткіздірді. Бүгінде заман ғана емес, адамдар да жаңаруда. Бұған дәлел - Қазақстанда «Жаңа адамдар» қозғалысының пайда болуы.
«Жаңа адам» – бұл Жаңа Қазақстанды құру туралы Президенттің үндеуіне үн қосып, өзгерісті өзінен бастаған адам. Ол өз көзқарасын жаңартып, масылдықтан бас тартқан, жоғарыдан нұсқау күтпей, өз қолымен жаңа елді қалыптастыратын азамат.
Әр адамның өмірі де, елдің болашағы да өз қолында. Біз – өз күшіне сенетін, бастамашыл және жауапкершілікті өз мойнына алатын жаңа буынбыз. Біз – өзгеден көмек күтпей, өз мүмкіндіктерін өзі жасайтын ұрпақпыз. Біз – мемлекетке немесе айналамыздағы адамдарға тәуелді болмай, тек адал еңбек пен табандылық арқылы жетістікке жетуді көздейтін азаматтармыз.
Шын мәнінде, мемлекеттік жүйенің жаңаруы үшін қоғамда жаңа ойлы, бастамашыл адамдардың көбеюі және олардың елдің дамуына белсенді атсалысуы маңызды. Осы орайда, «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы жаңа идеялар мен тың бастамалардың ұйытқысы болып, қазақстандық жастар үшін жарқын болашаққа жол ашатын жетекші күшке айналады деп сенеміз. Жаңа Қазақстанды құру – әрқайсымыздың қолымызда!