Қызылордадан Жамбыл облысына оқу-жаттығу жиынына барған 22 бала жаппай уланды деген ақпарат таралы. Хабарды Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы жоққа шығарды, деп жазды Alash.kz.
15 қаңтар күні Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы «Тұран» демалыс аймағында грек-рим күресінен бірнеше облыстың құрама командалары кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатына дайындықты бастаған. Аталған оқу-жаттығу жиыны осы мақсатта ұйымдастырылған.
- Жиын барысында, нақтырақ айтқанда 21 қаңтар күні облыс құрамасындағы үш спортшының дене қызуы көтеріліп, іш қату белгілері байқалған. Олар аудандық ауруханаға жеткізілді. Осы жағдайдан кейін жаттықтырушылар қалған 19 баланы қосымша медициналық тексерістен өткізді. Тексеру нәтижесінде спортшылардан ешқандай ауру белгілері анықталған жоқ. Жаттығу жиыны 29 қаңтарда аяқталады, одан кейін спортшылар грек-рим күресінен ел біріншілігіне қатысады, - делінген басқарма таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ ведомство аталған жағдайды қатаң бақылауға алғанын мәлімдеді.