Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жамбыл облысындағы 4 елді мекенді су басу қаупі төніп тұр - ТЖМ

15:44, 29 сәуір 2024 351

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, нөсер жауын жауса, Шу, Тала мен Аса өзендерінің су деңгейі көтеріліп, маңайдағы елді мекендерді су басып қалуы мүмкін,дейді alash.kz “Хабар 24” арнасына сілтеп.

Теріс-Ащыбұлақ су қоймасының рұқсат етілген көлемі 158,5 миллион текше метр суды құрайды. Қазір ол 97% толы. Су қоймадан асып кетпеу үшін Аса өзеніне құйылады. Әдетте, ағызылатын су секундына 15 текше метрден аспаса, қазір оны 40-қа дейін арттырған. 

Бұл жағдай Жамбыл облысындағы су қоймасының маңында орналасқан үй иелерін алаңдатты. Олар 7 жыл бұрын Аса өзенінің арнасынан асқан су аулаларды басып кеткенін айтады. Ауыл тұрғындары Аса өзенінің тасуы қайталанады деп қауіптенеді дейді ДалаНевс.

"Жылдан жылға ауылға су жақындап келеді. Сол себепті су басады деп қорқамыз. Бұл жерде өзеннің тасуына жол бермеу үшін жағалауларды нығайту қажет. Қазір жаңбыр жауып, су деңгейі көтерілуі мүмкін. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Аса өзенінен елді мекендерді су басу қаупін жоққа шығармайды. Бұл қатты жаңбырдың салдарынан болуы мүмкін", – дейді Бәйтерек ауылының тұрғыны Құрманбек Есімбеков.

Өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланды. 

"Синоптиктер жауын-шашын нормадан жоғары болады деген болжам жасады. Ондай жағдайда Теріс-Ащыбұлақ су қоймасынан бұдан да жоғары текше сантиметр су шығуы мүмкін. Сол арқылы Жамбыл облысындағы 4 елді мекенді су басу қаупі төніп тұр. Облысымызда орналасқан гидротехникалық құрылыстардың толтырылуына күнделікті мониторинг жүргізіліп отыр", – деді төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Дархан Жапаров. 

Облыстың барлық гидротехникалық құрылыстарының жалпы толымдылығы 87% құрайды. Жамбыл ауданының қауіпті учаскелерін жұмыс тобы зерттеді. Сарапшылар жергілікті атқарушы органдарға жағалауды нығайтуды ұсынды. Сонымен қатар, Шу, Талас өзендеріндегі су деңгейінің жоғарылауына байланысты олардың жанында орналасқан 42 елді мекенді су басу қаупі жоғары. Өңірдегі су қоймаларының жай-күйі мамандардың ерекше бақылауына алынды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар