Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова үлкен арманы туралы сыр шертті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
”Ақырын жүріп, анық басуға тырысамын. Тұрақты оқырманымнан, жақындарымнан жасырмайтын үлкен бір арманым бар.
Кеудемде жаным барда, жүректе арман барда, ой мен санам тұнық кезінде ұстанатын бағытым бар. Ол еліміздің барлық өңірлеріндегі театр саласына өз деңгейімде үлес қосу.
Ондағы мақсатым:
- Облыс, аудан, аймақ, ауыл сахналарында өнер көрсету арқылы, сол мекендегі сала проблемаларына жауаптылардың назарын аударту;
- Алматы, Астана секілді үлкен қалалардағы қойылымдарды көруге мүмкіндігі ала бермейтін аймақтық ағайынға ойлы қойылымдар ұсыну;
Иә, “Жалғыздың үні шықпас!”-дерсіз?
Бірақ біз болмасақ кім жасайды? Қазір болмаса қашан?
Бұл жылды ҰЛЫлардың мекені ШҚО-дағы сапардан бастадым.
“ШҚО драма және оперетта театрының” режиссері Асыл Қозықанов @asyl0916 хабарласып, шақырту ұсынғанда бірден келістім. Біріншіден бұл менім ұстанымыма, жоспарыма сай еді. Екіншіден менің сүйікті жазушым Шыңғыс Айтматовтың “Шынарым менің, шырайлым менің” повесті сахналанғалы жатты.
Ең алдымен өңірдегі әріптестеріммен тәжірибе алмасамыз. Бір-бірімізге береріміз де, аларымыз да аз емес деп білемін. Бірлесе атқаруға бел буған қойылым ойдағыдай өтсін. Ең бастысы талғамы бөлек бұл мекендегі көрерменнің көңілінен шығуына тілектеспін. Абырой берсін!”,- деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова.