Бүгін Астанада әскерде көз жұмған және мүгедек болып қалған сарбаздардың отбасы жиналды,деп хабарлайды Alash.kz KYN.KZ сайтына сілтеме жасап.
2022 жылы Ұлттық ұланда қызмет еткен кезінде қаза тапқан 19 жастағы Алмас Шакимовтың анасы ұлы Алматы облысындағы құмды дауыл кезінде қаза тапқанын айтты. Бұл ресми болжам. Қайғылы оқиға кезінде сарбаздың үстіне темір шатыр құлаған. Осылайша ұлы өзге үш сарбазды құтқарып қалған. Алайда екі айдан кейін сот-медициналық сараптамада Алмастың денесінен пышақ жарақаттары анықталды. Осыдан кейін туыстары Алмастың шатырдың құлағаннан емес, адам қолынан қаза тапқанын мәлімдеді.
«Ұлымды өлтірді. Біз бүгін әділдік үшін Ақтау, Атырау, Шымкенттен келдік. Біз бейбіт уақытта баламызды әскерге жібердік. Бірақ олар неге табытпен оралуы керек? Алмас – менің жалғыз ұлым еді. Неге ешкім жауапқа тартылмады? Бізге тек бір офицерді “құрбандыққа” берді, ол небәрі 1 жыл шартты жазаланды. Ұлым қайтыс болғанына 2,5 жыл өтті. Осы уақыт ішінде істі Астанаға ауыстыру үшін талай күрестім. Объективті тергеу болады деп ойладым, бірақ олай болмады. Біз әділ сот талап етеміз», – деді Алмас Шакимовтың анасы.
Гүлмира Мұқажанова – Щучинск әскери колледжінің тәрбиеленушісі Ұлан Мұсаевтың анасы. Ұлы басына оқ тиіп, ауруханадан бір-ақ шыққан. Тергеу мәліметінше, Мұсаев өз-өзіне оқ атқан.
Баласы мүгедек болып, қайғы жұтқан ана 2022 жылы 29 шілдеде ұлын әскери колледжге әкелгенін айтады. Ал 31 шілдеде ұлының ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатқанын естіген. Ұлан аман қалғанымен бірақ бірінші топтағы мүгедек болып қалды. Қазір ол жүре алмайды, көрмейді, бірнеше күрделі ота жасалған. Дәрігерлер оның аяғына тұрып кетуі мүмкін екенін айтты.
“Мен Қорғаныс министрлігінен бір нәрсе ғана сұраймын: Қалай бұлай болды? Ұлым дені сау, қызметке жарамды еді. Балам неге мүгедек болып қалды? Неге енді оны аяғына тұрғызуға көмектеспейсіздер? Ешқандай көмек жоқ. 2,5 жыл өтті. Тергеу заң бұзушылықтармен жүріп жатыр. Прокурор “істі үстірт қарағанын” айтты. Осындай жағдайда кімге сенеміз? Жазбаша өтініш жазамыз, бізді бір-біріне сілтейді – бірде Денсаулық сақтау министрлігіне, бірде Қорғаныс министрлігіне, – деп күйінді Гүлмира Мұқажанова.
Астанадағы әскери сотта 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты алғашқы сот отырысы басталды.
19 жастағы сарбаз Маңғыстау облысында командирі оқ атып, қаза тапқан. Айыпталушы – 22 жастағы Дамир Досов, ол – Ақтау гарнизоны 25744 әскери бөлімінің зениттік-артиллериялық взвод командирі.