Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық істе жаңа жайттар анықталды, деп жазады Alash.kz.
Жәбірленуші тараптың мәлімдеуінше, күдікті Шерхан Аймаханға қатысты жүргізілген медициналық тексерулердің алдын ала қорытындысы шыққан. Осыған байланысты марқұмның жақындары сот процесінің барысына қатысты өз күмәндарын білдіріп, істің әділ жүргізілуін талап етіп отыр.
Марқұмның ағасы жасаған мәлімдемеге сәйкес, күдікті азамат қазіргі уақытта тергеу изоляторында емес. Оған тағайындалған сараптама нәтижесінде психикалық ауытқулардың бар екені көрсетілген көрінеді.
Нұрайдың ағасы: «Жалған анықтама жасатып, жазадан құтылып кетуі мүмкін деп қорқып отырмыз. Бірінші, Шымкентте қаралған болатын. Анықтамада «психикалық ауытқу байқалған» деп жазып берген. Біз оған сенбей, Алматыдан сараптама талап еттік. Күдіктіге ол жақта осындай анықтама берді. Шыны керек, бұл жерде симуляцияның максималлы белгісі көрініп тұр. Өйткені, күдікті - кәдімгі ортада өмір сүріп жүрген, «сау адам». Естігенім бойынша, қазір ол Шымкентте емес, Талғардағы психикалық емдеу орталығында», — деп өз қауіптерін ашық айтты.