Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жала жапты: Бишімбаевтың ата-анасы сотта жеңіп, компенсация өндіріп алды

14:45, 23 мамыр 2025 1884

Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы Қайрат Кемеловке қарсы сот ісін ұтып, оның бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында айтқан сөздері жала екенін дәлелдеді, деп хабарлайды ALASH.KZ.

Бұған дейін Валихан Бишімбаев пен Әлмира Нұрлыбекова Қайрат Кемеловке қарсы азаматтық арыз түсіріп, елордалық сотқа ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы талап қойған болатын.

Қайрат Кемелов Бишімбаевтар отбасының туысы әрі сот-медицина сарапшысы Тахир Халимназаровтың әріптесі.

Іс материалдарына сәйкес, Қайрат Кемелов 2025 жылғы 14 қаңтарда “Айран” YouTube арнасында тікелей эфирде сұхбат беріп, 2023 жылғы 9 қарашада – Салтанат Нүкенованың қайғылы қаза тапқан күні – Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы одан мәйітханаға барып, ұлының пайдасына қорытынды беруді сұрағанын айтқан.

Сот Қуандық Бишімбаевтың ата-анасының талап-арызын жартылай қанағаттандырды.

Енді Қайрат Кемелов өз сөздерін “Айран” арнасында ресми түрде жоққа шығарып, талапкерлердің әрқайсысына 100 мың теңгеден, жалпы 200 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

Өкілдік шығындар мен мемлекеттік бажды қоса есептегенде, Кемелов Бишімбаевтардың ата-анасына барлығы 610 мың теңге төлеуі тиіс. Айта кетейік, талапкер тарап бастапқыда әрқайсысына 8 миллион теңгеден, барлығы 16 миллион теңге көлемінде өтемақы сұраған болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар