Жаһандық экономикалық рейтингте Қазақстан сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі ескерілген жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткіші бойынша 36-орынға ие болды, деп жазады Alash.kz.
Ел экономикасының жалпы көлемі шамамен 973 миллиард долларға бағаланып, Орталық Азия аймағындағы көшбасшылық позициясын нығайтты.
Халықаралық сараптамалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша Сингапур (988 миллиард доллар) мен Румыния (949 миллиард доллар) мемлекеттерінің арасында орналасқан. Рейтингтің осы бөлігінде Біріккен Араб Әмірліктері, Нидерланды және Оңтүстік Африка Республикасы сияқты дамыған елдер де шоғырланған. Бұл еліміздің ішкі нарығындағы тауарлар мен қызметтердің қолжетімділігі халықаралық деңгейде жоғары екенін көрсетеді.
Әлемдік экономиканың жалпы көлемі қазіргі уақытта 219 триллион долларды құрап отыр, оның жартысына жуығы Азия құрлығындағы мемлекеттердің үлесіне тиесілі. Жаһандық тізімнің көшбасшылары ретінде Қытай (43,5 триллион доллар), АҚШ (31,8 триллион доллар) және Үндістан (19 триллион доллардан астам) танылды. Сондай-ақ алғашқы ондыққа Ресей, Жапония, Германия, Индонезия, Бразилия, Франция және Ұлыбритания кіреді.