Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Жағы сынып, бұлшық еті шіріп кеткен": Астанада енесі мен күйеуінен қорлық көрген әйелге әділдік табыла ма?

15:03, 26 шілде 2024 1128

Бұрынғы күйеуі өлімші етіп сабап, салдарынан үшінші топтағы мүгедекке айналған Астана қаласының тұрғыны Алтынай Нұрсолтанова ауыр халде ауруханаға түскен кезінде енесі оның диагнозын жасырып қалуға тырысқан деп хабарлайды Alash.KZ.

Massaget.kz сайтының жазуынша, 2022 жылы 17-нен 18 наурызға қараған түні болған қайғылы оқиғадан кейін Алтынай Нұрсолтанова ауруханаға түседі. Жәбірленушінің анасы қызы ем алып жатқан бөлім меңгерушісінен Алтынайдың денсаулығына қатысты барлық деректі сұрайды. Ал бөлім меңгерушісі құжатты беруден бас тартады. Жәбірленушінің айтуынша, бұған енесінің ықпалды таныстары себеп болған.

"Күйеуімнің анасы ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында жұмыс істейді. Ол бір ай Ақордада отырады, бір ай ҚР Парламентінің Сенаты мүшелеріне қарайды. Яғни ол кісі шенеуніктер мен олардың отбасылары секілді вип-науқастарды емдейді. Өйткені біз бірге тұрған кезде ол кісіні үнемі қымбат мейрамханаларға шақыратын, қымбат сыйлықтар сыйлайтын. Ол кісінің мықты таныстары бар", - дейді ол.

Сондай-ақ, жәбірленушінің анасы Алматыға жолға шыққан кезінде енесі палатаға келіп, ұлын кешіруді сұраған. 

"Анам кеткен кезде бұрынғы күйеуімнің анасы өтірік ақ халат киіп, маған палатаға келеді де "сен неге арыз жаздың? Арызыңды қайтып ал, балаларды ойла. Сені ұрғанында тұрған не бар? Өмірде бәрі болады, кезінде мені де күйеуім ұрып-соққан, бүгінге дейін бірге тұрып жатырмыз, ешнәрсе етпейді" деді. Артынан палата медбике кіріп, оны қуып шықты. Төртінші күні бөлім меңгерушісі "бірінші отада қателік кетіпті, саған тағы бір ота жасау керек" деп мені екінші рет ота жасауға алып кетті. Сөйтсек, бұрынғы күйеуімнің анасы Денсаулық сақтау министрлігіндегі таныстары арқылы мен ем алып жатқан аурухананың дәрігерлерінен менің денсаулығыма қатысты деректі туыстарыма көрсетпеуді, диагнозды жасырын қалдыруды сұраған. Маған қойылған барлық диагноз дұрыс емес болып шықты, ота дұрыс жасалмаған. Ал мен тіпті аузымды аша алмайтын едім. Кейін анам мені Ұлттық нейрохирургия орталығына апарады, ол жақтағы дәрігер "сізге шұғыл түрде қайтадан ота жасау қажет, екінші ауруханада сізді мүлде емдемеген, өтірік диагноз қойған" деді. Ал мен арада қанша уақыт жоғалттым, негізі сүйек сынған кезде отаны 7 күнге дейін жасау керек", - деді Алтынай Нұрсолтанова.

Жәбірленуші енесінің бұл ісі туралы Ұлттық нейрохирургия орталығындағы өзіне жауапты дәрігерден білген. Оның айтуынша, бұрынғы енесі тағы да таныстары арқылы Ұлттық нейрохирургия орталығының бас дәрігеріне байланысқа шыққан. Алайда, жауапты дәрігер оларды тыңдаудан бас тартып, бұл туралы Алтынайдың анасына хабарлаған. Дәрігер оның анасына қоңырау шалып, "орталықтың бас дәрігері қызыңыздың диагнозын өзгерткісі келеді, осылай олар күйеу балаңыздың жазасын жеңілдетпекші. Қазір олар маған қоқан-лоқы жасап жатыр" деген.

Кейінірек Алтынайға жасалуы керек отаны Қазақстанда жасайтын маман мүлде жоқ екені анықталады. 

"Дәрігерлердің айтуынша, менің сол бетімдегі сүйегім жоқ болып кеткен, яғни ұрып-ұрып езіп тастаған, сондықтан көзім ішке қарай кіріп кетті. Оны орнына қайтару үшін бассүйегімнен сүйек алып, сол бетіме ауыстыру керек. Оған қоса, маған қате диагноз қойылғанының кесірінен мен уақыт жоғалтып, сол жақ бетімнің бұлшықеті шіріп кетіпті. Сөйтіп, маған көмектесе алатын дәрігерлер Мәскеуден табылды. Мәскеуде маған тағы да ота жасалды, яғни бассүйегімнен сүйек алып сол бетіме трансплантациялады. Ота 9 сағатқа созылды, отадан кейін мен бір апта бойы реанимацияда жаттым. Дәрігерлер мені аман қалмайды деп ойлаған", - дейді ол.

Отадан кейінгі түрін көрген Алтынай Нұрсолтанова өмір сүргісі келмей, тіпті өзіне қол жұмсағысы келіпті. Сөзінше, депрессиядан шығу үшін психолог емес, психиатрдың көмегіне жүгінген. 

"Мен есімді жиғаннан кейін маған ұялы телефон, айна берілмеді. Түрімді көре алмадым. Балаларыммен бейнеқоңырау арқылы сөйлесейін десем, оған рұқсат етпеді. Шамамен 3 аптадан кейін бетімдегі таңғышты шешкенде, түрімді көріп, өзіме қол жұмсағым келді. Менің палатам 2 қабатта болатын, мен терезеден секіріп кетуге тырыстым. Дәрігерлер мені "өзің де дәрігерсің ғой, қазір медицина дамыған, бетіңе филлер саламыз, әрине, түрің тура бұрынғыдай болмайды, бірақ бір жылдың ішінде қалпыңа келесің" деп жұбатты. Осыдан кейін мен депрессияға түстім, таңнан кешке дейін жыладым, өмір сүргім келмеді. Қазір менің бетімде неше түрлі темір бар", - деп көзіне жас алды жәбірленуші.

Күйеуі өлімші етіп сабаған жәбірленушіні отадан кейін балалары да танымапты. Анасын 3 ай бойы көрмеген бүлдіршіндер "сен біздің анамыз емессің, бізге жолама, біздің анам ауруханада жатыр" деп жауап қатыпты.

Фото: Жеке архивтен

Алтынай Нұрсолтанова диагнозым туралы ертерек білгенімде бұрынғы келбетімді қалпына келтіру мүмкін болар ма еді деп қынжылады. Ол сондықтан да диагнозын жасырып қалуға тырысқан дәрігерлердің жазасын алғанын қалап отыр. Алайда құзырлы органдар да, Денсаулық сақтау министрлігі де кінәлілерді жазалауға асықпаған көрінеді.

"Мен ауруханада жатқан уақытта құзырлы органдар ешқандай шара қолданбаған. Маған қате диагноз қойып, өтірік ота жасаған дәрігерлер жазаланбаған. Егер де мен жағдайым туралы ертерек білгенімде, мүмкін бетім шірімей, отаны уақытында жасататын едім. Ал мен 28 күн жоғалттым. Олар жазасын алу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне хат жазған едік, бірақ ведомство өкілдері, дәрігерлердің жай ғана сөгіс алатынын хабарлады", - деді ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар