Израиль әскері Газа секторына әуе соққыларын жасады. Салдарынан кемінде 30 адам қаза тапты. Бұл туралы жергілікті ауруханаларға сілтеме жасап Euronews хабарлады, деп жазды Alash.kz ұлттық порталы.
Мәліметке сәйкес, әуе соққылары сектордың солтүстік және оңтүстік аймақтарына, соның ішінде Газа қаласы мен Хан-Юнис қаласына бағытталған. Қаза тапқандардың арасында әйелдер мен балалар бар.
Газа қаласындағы «Аш-Шифа» ауруханасының хабарлауынша, әуе соққысы салдарынан бір отбасының мүшелері — анасы, үш баласы және олардың туысы көз жұмған. Ал Хан-Юнисте шатырлы лагерьге жасалған соққыдан кейін өрт шығып, жеті адам қаза тапқан.
Израиль Қорғаныс армиясы шабуылдардың атысты тоқтату режимінің бұзылуына жауап ретінде жасалғанын мәлімдеді. Әскерилердің айтуынша, соққылар ХАМАС пен «Исламдық жихад» қозғалыстарының командирлері мен инфрақұрылым нысандарына бағытталған.
Әуе шабуылдары Газа секторынан Египетке шығатын жалғыз өткел — «Рафаһ» бақылау-өткізу пунктінің ашылуы күтіліп отырған кезеңде жасалған. Аталған өткел 2023 жылдың қазан айынан бері жабық күйде қалып отыр.