Алматыда "Қайрат" футбол клубының жанкүйері көптен күткен матчқа билет таба алмай, көлігін билетке айырбастағанын айтты, деп Alash.kz ұлттық порталы 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның сөзінше, бастапқыда ресми сатылымнан үлгермей қалғандықтан, кейін билетті басқа адамдардан іздеуге тура келген.
"Билет үшін 1 миллион теңге сұрады. Ондай ақшам болмағандықтан, көлігімді айырбастайын дедім. BMW машинамды беріп, орнына билет алдым. Өкінемін, ішім ашып тұр", – деді ол.
Бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып, жанкүйердің қадамы көпшілік тарапынан сынға алынды.
"Қате қадам", "Топас екен", "Өзің кінәлісің", "Футболды түсінбейтіндер ғана осылай жасайды", – деген пікірлер жазылды.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі екінші турда "Қайрат" мадридтік "Реалдан" 0:5 есебімен ойсырай жеңілді. Испандық клубтан Килиан Мбаппе хет-трик жасап, Браим Диас пен Эдуардо Камавинга бір-бірден гол соқты.
Алдағы кезеңде алматылық команда Кипрдің "Пафос", Италияның "Интер", Данияның "Копенгаген", Грекияның "Олимпиакос", Бельгияның "Брюгге" және Англияның "Арсенал" клубтарына қарсы ойын өткізеді.