Атырау қаласының тұрғыны Яна Легкодимованың өліміне кінәлі деп танылып, өмірлік түрме жазасына кесілген Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Кәтімов осы аптада жазасын өтеу үшін №39 «Қара бүркіт» мекемесіне ауыстырылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұған дейін сотталғандардың нақты қай түрмеде екеніне қатысты түсініспеушілік туындап, қоғамда түрлі күмән пайда болған еді. «НеМолчиKZ» қоғамдық қоры ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдап, қылмыскерлердің Қостанайдағы №76 мекемеде отырғаны туралы қауесетті анықтауды талап етті. Себебі бұған дейін құзырлы орган жәбірленуші жаққа үкімнің заңды күшіне сай орындалып жатқанын айтқанымен, іс жүзінде олардың басқа жерде ұсталып келгені туралы ақпарат тараған болатын. Дей тұрғанмен, осы аптада екі сотталушы да өмірлік мерзімге сотталғандарға арналған арнайы колонияға толықтай жеткізілді.