Бақытжан Базарбек жол апатынан ауыр жарақат алған Нұржігіт Қошановтың есін жиып, аяққа тұра бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Ол Тараз қаласының көпбейінді ауруханасының дәрігерлерімен бірге түскен суретін жариялап, ақ халаттылардың жанкешті еңбегіне алғысын білдірді.
Базарбек өз жазбасында дәрігерлердің кәсіби біліктілігі мен емдеу процесінің егжей-тегжейін айтып, олардың еңбегін жоғары бағалады.
«Бұл — еліміздің мыңдаған адамы асыға күткен сурет.
Суретте — өз білімі, ерекше кәсібилігі мен жанкешті еңбегінің арқасында Нұржігітті ажалдан аман алып қалып, есін жиғызып, қайтадан аяққа тұрғызған Тараз қаласының көпбейінді ауруханасының дәрігерлері.
Ортада — Нұржігіт Қошанов. Оң жақта — Тараз қаласы көпбейінді ауруханасының бас дәрігері — Мұрзақасымов Хамит Саттарқұлұлы; Бас дәрігердің орынбасары - Ордабеков Ербол Сағындықұлы; Анестезиология және реанимация бөлімшесінің меңгерушісі — Мусин Ғамзат Афендіұлы; дәрігерлер - Джурабаев Д.Т, Еділбаев Е.О, Раимбекова Г.Э, Баяшев Е.Н, Джапсарбаев Б.М, медбикелер - Ермекқали Б.Ж, кіші медбике Сағынтаева П.К.
Шыны керек, Тараз қаласының көпбейінді ауруханасы реанимация бөлімшесі дәрігерлерінің кәсіби біліктілігі мен деңгейі өте жоғары. Оларды бүкіл Жамбыл облысы медицинасының қаймағы десем, қателеспеспін.
Нұржігіт жатқан уақыт аралығында бұл дәрігерлер қаншама адамның өмірін аман алып қалды. Жағдайы мүшкіл науқастардың сауығып, қайтадан аяққа тұруына себепші болып келеді.
Бұлар — заманымыздың нағыз қаһармандары десем, артық айтқаным емес.
Өз өмірін өзге адамның өмірін сақтап қалуға арнаған ақ халатты абзал жандарды қадірлей білейік, ағайын!
Дәрігерлерге мың алғыс! Еңбектеріңізге мың тағзым!
P/S
Біраз төккен терім ақталды, өзімнің дұғам, халықтың дұғасы Жаратушым Алла тағала қабыл алды. Нұржігіттің аяғы сынғандықтан алдымызда әлі реабилитациясы күтіп тұр. Сол бағытта жұмыс жасайтын боламыз...», — деп жазды ол.