Атырау облысында хабар-ошарсыз кеткен отбасы мүшелерін ел аумағынан іздеу нәтиже бермегендіктен, тергеу амалдары халықаралық деңгейге ауысты, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазіргі таңда күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев пен қаза тапқан ерлі-зайыптының қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға халықаралық іздеу жарияланды. Тергеу нұсқасы бойынша Сәрсемалиев бұл істегі негізгі күдікті ретінде қарастырылып отыр. Ал Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты іздеу шаралары шет мемлекеттерді қамтығанымен, оған әлі ресми түрде күдікті мәртебесі берілген жоқ.
Бұған дейін ақпарат құралдарында іздеудегі тұлғалардың телефон карталары Бали аралынан белгі бергені туралы деректер тараған еді. Оқиғаның беті 6 қаңтарда ашыла бастады. Cарай ішінен жер астына көмілген 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері табылды. Алайда отбасының тағы екі мүшесі, яғни 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев пен 35 жастағы Мейрамгүл Қарабалинаның тағдыры әлі де белгісіз қалып отыр.
Осы жағдайға байланысты бүгін Жангелдин ауылынан келген марқұмдардың туыстары Атырау облыстық полиция департаментінің алдына жиналды. Олар тергеудің баяу жүріп жатқанына және ақпараттың жеткіліксіздігіне наразылық білдірді. Жиналған жұрт барлық жаңалықты тек әлеуметтік желілерден біліп отырғандарын айтып, ресми түсіндірулердің іс жүзінде жоқ екеніне шағымданды. Сондай-ақ олар құзырлы органдардан іздеу үшін нақты қандай шаралар қолданылып жатқанын және қазіргі уақытта не белгілі екенін хабарлауды талап етті.