Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев ұлттық спутникті ұшырудың бастапқы кезеңі мен елдің алғашқы ғарышкерін даярлау барысына арналған таныстырылымды қарады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Жиында ғарыш саласында ұзақ мерзімді әрі орнықты ұлттық жүйе қалыптастырудың маңызы атап өтілді. Ол спутниктерді басқару инфрақұрылымын құруды, ғарыштық деректерді өңдеуді және оларды экономиканың түрлі секторында тиімді пайдалануды қамтиды.
Ғылыми-техникалық әлеуетті нығайту шаралары аясында алғашқы ұлттық ғылыми спутник жобасы талқыланды. Жоба бейінді мамандарды даярлауды, инженерлік топ жасақтауды және 2028 жылы 6U форматындағы «Мирзо Улугбек» атты ғылыми спутникті ұшыруды көздейді.
Сонымен қатар 10–14 күндік қысқа мерзімді ғарыш сапарына ұлттық ғарышкер дайындау бастамасы қаралып, мұндай миссияларды жүзеге асырудағы халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктері сөз болды.
Кездесу барысында 2028 жылы Самарқандта Халықаралық астронавтикалық конгресс өткізу жоспары да талқыланды. Бұл шара елдің ғарыш бастамаларын ілгерілетуге және ғылыми-техникалық әріптестікті кеңейтуге ықпал ететін маңызды алаң ретінде бағалануда.