Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Футболдан кейін. «Жауапқа тартылды»: Ақтаудағы оқушылар төбелесінің соңы немен аяқталды?

16:08, 07 қазан 2026

Ақтау қаласындағы №1 мектепте 5 қазан күні футбол ойыны барысында 10 және 11-сынып оқушылары арасында төбелес болып, салдарынан бір жасөспірім ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Alash.kz.

Тараған мәліметтерге сәйкес, жасөспірімдер арасындағы сөзге келіспеушілік соңы физикалық қақтығысқа ұласқан. Жарақат алған 10-сынып оқушыларының бірінің анасы ұлының жоғары сынып оқушысына бірінші соққы жасағанын жоққа шығармайды, алайда бұған дейін аға сынып оқушысы тарапынан арандату мен қорқыту әрекеттері болғанын және кейін жанжалға басқа да 11-сынып оқушылары араласқанын жеткізді. Оқиғадан соң медициналық көмекке жүгінген екі оқушының біреуі бірнеше рет есінен танып, басы айналып, жүрегі айнып, дене жарақаттарын алуына байланысты ауруханаға жатқызылды.

Жергілікті білім бөлімі мектепте орын алған бұл жайтты ресми түрде растады. Жанжалға қатысқан оқушылардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жасөспірімдер профилактикалық есепке тұрғызылды, сондай-ақ жиналған барлық материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға қарауға жолданды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар