БҚО-да СОБР қызметкері 10 жылға сотталды, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Алихан Биғазиев адам өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру және ұрып-соғу фактісі бойынша кінәлі деп танылды.
Қайғылы оқиғаның құрбаны – 30 жастағы жедел жәрдем фельдшері Диар Туысов.
Үкім Тасқала аудандық сотында шығарылды. Сот барысында қылмыс жасалған сәтте Биғазиевтің СОБР-дың қызметкері болғаны анықталды.
Биғазиевпен қатар тағы екі ер адамға да үкім шығарылды — 24 жастағы Еламан Досқалиев пен 19 жастағы Мейіржан Нұрсұлтанов. Досқалиев те адам өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру және бұзақылық әрекет жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал Нұрсұлтанов тек бұзақылық бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жылға бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.