Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Еуропаның үздік қақпашысы»: Темірлан Анарбеков туралы қуанышты жаңалық шықты (ФОТО)

00:03, 02 маусым 2026

Алматылық «Қайрат» футбол клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков Еуропаның ең беделді турнирінде үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды Alash.kz. 

Flashscore статистикалық порталының қорытындысы бойынша, отандық голкипер жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, 2025/26 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының символикалық құрамасына таңдалды. Турнирдің ең үздік футболшылары жасақталған бұл командада қазақстандық қақпашы 7,7 баллдық көрсеткішпен басты шептен орын алды.

Аталған беделді тізімге Анарбековпен қатар Килиан Мбаппе, Ламин Ямаль, Вирджил ван Дейк, Харри Кейн және Хвича Кварацхелия сынды әлемдік деңгейдегі танымал жұлдыздар енген. Биылғы доданың жалпы кезеңінде «Қайрат» қақпашысы алты кездесуге қатысып, алаңда толық 540 минут бойы өнер көрсетті. Осы бәсекелерде ол өз қақпасына 13 гол жіберіп алғанымен, бір матчты мүлдем гол өткізбей, таза аяқтаған.

Десе де, қақпашының осындай жарқын жеке жетістігі мен жоғары шеберлігіне қарамастан, алматылық ұжым үшін турнир сәтсіз аяқталды. «Қайрат» клубы жалпы кезеңнің қорытынды кестесінде ең соңғы орынға тұрақтады. Команданың алғашқы екі матчында өнер көрсеткен өзге қақпашы Шерхан Қалмырза өз қақпасына тоғыз доп өткізіп алған болатын. Оның ішінде лиссабондық «Спортингтен» төрт, ал мадридтік «Реалдан» бес гол жіберілген еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар