Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) ұлттық құраманың бас бапкері лауазымына нидерландтық маман Джон ван ’т Схиптің кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды Alash.kz.
Федерация белгілі маманмен ұлттық құраманың тізгінін ұстау жөнінде өзара келісімге келгенін хабарлады. Оның тағайындалуы ҚФФ жарғылық талаптарына сай Атқарушы комитеттің келісімінен кейін ресми түрде заңдастырылып, арнайы келісімшартқа қол қойылмақ.
Джон ван ’т Схип футболшы ретінде Амстердамның «Аякс» пен Италияның «Дженоа» сапында доп теуіп, Нидерланд ұлттық құрамасымен бірге 1988 жылы Еуропа чемпионы атанған. Бапкерлік еңбек жолын «Аякс» жүйесінде бастап, кейін бұл ұжымның бас бапкері қызметін де атқарды. Бұдан бөлек «Твенте», «Зволле», мексикалық «Гвадалахара» және австралиялық «Мельбурн Сити» клубтарын жаттықтырып, соңғысымен 2016 жылы Австралия кубогын иеленген. Сондай-ақ халықаралық аренада Грекия мен Армения құрамаларын басқарған.
Онымен бірге Қазақстан құрамасының жаңа бапкерлер штабы да жасақталды. Атап айтқанда, бас бапкердің көмекшілері болып Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов бекітілсе, қақпашыларды жаттықтыру Юрий Новиковқа, дене даярлығы Вадим Боровскийге, ал сараптамалық жұмыс Тимур Құсайыновқа жүктелді.