Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңартылған Конституция аясындағы мемлекеттік тілдің мәртебесі мен оның қолданылу аясына қатысты ресми пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Сенат Төрағасы негізгі заңға енгізілген өзгерістердің ұлттық мәдениет пен тілді ілгерілетудегі маңыздылығына тоқталды.
Мәулен Сағатханұлы бұл мәселенің конституциялық комиссия деңгейінде жан-жақты қаралғанын атап өтіп, былай деді: «Оған байланысты конституциялық комиссияның мүшелері, басшылары да барлық сұрақтарға жауап берді, пікірлерін айтты. Мәселені түсіндірді. Одан артық қосатын ешнәрсе жоқ. Жалпы мемлекетіміз әрі қарай да қазақ тілін дамыту мәселесін қамтамасыз етуде. Қазақ тілінде контент жасауға, қазақ тілінде балаларды оқытуға, кітап шығаруға, қазақ тілінде БАҚ-ты қолдауға мүмкіндіктерді әрі қарай да қарастырады. Оған ешкімнің күмәні болмауы қажет».
Мәулен Әшімбаевтың мәлімдемесіне сүйенсек, мемлекет тарапынан қазақ тілді ортаны қалыптастыру, білім беру жүйесін мемлекеттік тілде дамыту, баспа ісі мен бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау шаралары жүйелі түрде жалғасады. Саясаткер тіл саясатына қатысты мемлекеттік ұстанымның нық екенін және бұл бағыттағы жұмыстардың құқықтық әрі практикалық тұрғыда қамтамасыз етілетінін нақтылады.