Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ешкім кепілдік бермейді! Ауыр зардаптарға әкеледі!»: Мұрат Әбенов Сәуле Базарханның өліміне қатысты мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

18:06, 21 мамыр 2026

Алматыдағы жеке емханалардың бірінде белгілі блогер Сәуле Базархан пластикалық отадан кейін қайғылы жағдайда көз жұмды. Осы оқиғаға байланысты Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов елдегі жекеменшік медицина мен сұлулық хирургиясы саласындағы бақылаудың тым әлсіздігін сынға алды, деп хабарлайды Alash.kz ZTB ақпараттық порталына сілтеме жасап. 

Құзырлы орындардың ұзақ жылдар бойы жеке шағымдар болса да, бұл бизнесті тексере алмағанын айтқан халық қалаулысы Денсаулық сақтау министрлігін бүкіл ел бойынша ауқымды ревизия бастауға шақырды. Оның пайымдауында, бүгінде пластикалық хирургия қауіпсіздігі ұмытылған «сәнді бизнеске» айналып кеткен.

Депутат бұған дейін медициналық бизнеске тексеріс жүргізу заңмен қатты шектелгенін, тіпті Атырауда сәби өлімі тіркелген шулы оқиға кезінде де жедел әрекет ету мүмкін болмағанын еске салды:

«Тіпті сол кезде де прокуратураның рұқсатынсыз ешқандай тексеріс жүргізу мүмкін емес еді».

Мұрат Әбенов тек өткен жылы ғана заңға өзгеріс еніп, медициналық мекемелерді жиірек тексеруге жол ашылғанын, соның арқасында көптеген заң бұзушылықтар, әсіресе жекеменшік стоматологияларда анықтала бастағанын айтты. Ендігі кезек пластикалық хирургия орталықтарында дейді ол:

«Ешкім кепілдік бермейді. Мұндай ем-шаралардан кейін денеде қабыну, тыртық қалып, ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайларды өте көп білеміз».

Сонымен қатар, депутат кейбір сұлулық клиникаларының тіпті лицензиясыз жұмыс істеуі мүмкін екенін, ал ондағы кейбір мамандардың тиісті білімі мен дипломдарының жоқтығын алға тартты. Оның пікірінше, Сәуле Базарханның өлімінен кейін мемлекет бұл салаға бақылауды барынша күшейтуі тиіс.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар