Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ерлан Сайыров көпбалалы аналардың тісін тегін емдеп беруді ұсынды

16:26, 06 наурыз 2024 476

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров көпбалалы аналардың тісін тегін емдеуге мүмкіндік қарастыруды ұсынды.

Ол бұл жөнінде премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.

«Мемлекет әйелдерге қамқорлық жасап, олардың жан-дүниесін аялап, денсаулығына баса мән беруіне міндетті. Елімізде әйел босанғаннан кейін денсаулығын сақтау үшін қандай шаралар қарастырылған? Бала туғаннан кейін берілетін жәрдемақы бар. Оның мөлшері – 1-3 балаға 140 мың теңге, төрт және одан көп балаға 232 мың теңге қарастырылған», – деді Ерлан Сайыров.

Депутат шетелде бала күтіміне берілетін сома бұдан жоғары екенін айтты. Мәселен, Ресейде ана капиталының сомасы бірінші балаға 639 мың рубль (3 млн 195 мың теңге), екінші балаға 883 мың рубль (7 млн теңге) беріледі.

«Ана бала көтергенде, құрсақта баланың қалыптасуына кальцийді көптеп жұмсап, өзінің тісінен айырылатыны – медициналық факт. 543 мың көпбалалы әйелдің барлығының басында бар зор проблема – тістің түсуі», – деді депутат.

Сөзінің қорытындысында Ерлан Сайыров көпбалалы аналардың тісін тегін емдеп беруді ұсынды.

«Бірінші кезекте көпбалалы аналарға тісін жөндеу үшін бірреттік қаржылық төлем қалыптастыру қажет. Бала тапқан әйелдердің денсаулығын қалыпқа келтіріп, ұстап отырудың мемлекеттік стандарттары керек», – деді мәжілісмен.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар