Белгілі журналист, қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова мәжіліс депутаты Ардақ Назаров туралы қоғамда өріп жүрген ақпаратқа нүкте қою үшін, ММА шеберін ашық жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Facebook парақшасында пост жариялаған журналист өз сөзінде депутаттың құр сөз емес, іспен халық қалаулысы болуы тиіс екенін қадап айтты. Сондай-ақ, халық алдында тікелей эфирде өзіне қатысты әртүрлі алып-қашпа әңгімелерге жауап беру үшін, жекпе-жек сұхбат өткізуін сұрады.
Мен, журналист ретінде, сізді ММА ережесі бойынша ашық жекпе-жекке шақырамын. Шығыңыз тікелей эфирге — сол біздің октагонымыз болсын!
Сөз жеткілікті. Бос әңгімеден, ертегіден және күмәннен шаршадық. Халыққа көп уәде бердіңіз, көп сөз айттыңыз. Енді сөз емес, іс қажет.
Тікелей эфирде менің сұрақтарыма жауап беріңіз: сіздің біліміңіз, еңбек жолыңыз, өмірбаяныңыз — бәрі халық алдында ашық айтылсын.
Қолғаптың орнына дипломдарыңызды, студент кезіңізде түскен суреттеріңізді алып келіңіз. Курстастарыңызбен түскен фотоларыңызды көрсетіңіз. Халық бәрін өз көзімен көрсін.
Бұл — тек жекпе-жек емес. Бұл — шындық, әділет пен ақиқат үшін айқас.
Сіздің жұдырығыңызда халық тұр деп мақтанасыз, ал менің қаламымда халық тұр.
Халықты алдамағаныңызды дәлелдеңіз.
Егер шынымен ер азамат болсаңыз — октагонға шығып, соны дәлелдеңіз!
Мені «тәтешка» деп сылтау айтушы болмаңыз! Еркек болсаңыз — шығыңыз!