Семейдегі белгілі балабақшаның бірінде дау туындады. Ерекше қажеттіліктері бар баланың ата-анасы ұлдарын мұғалімдің қорлағанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Alash.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Мұғалімнің әрекеті бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Жәбірленушінің анасы, Арай Аралханованың айтуынша, тәрбиеші баланы тұншықтырған.
“Видеоны көрген соң бірден полицияға жүгіндім. Олар келіп, тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғады. Бұл жағдай 10 қыркүйекте басталды. Бірақ іс әлі күнге дейін созылып келеді. Істің соңына дейін жетуіне көмектессеңіздер деймін. Ол әрі қарай жұмыс істемеуі керек. Ол балалармен жұмыс істей алмайды. Видеода тәрбиешінің баламды қалай ұйықтатқаны анық көрінген. Кадрда ол баламды тұншықтырған”,- дейді ашынған ана.
Бес жастағы баланың сөйлеу дамуының кешігіуі бар. Бала не болғанын түсіндіре де алмай, тек жылап қана отырған. Ата-анасы бейнебақылау камерасынан жазбаны көріп, шошып кетті. Тәрбиеші оны үнемі тартып, қозғалтып отырған. Бірақ, ең қорқыныштысы тәрбиешінің баланы ұйықтату тәсілі болды. Әйел көрпені баланың басына дейін жауып, үстіне отыруға тырысқан. Өзі педагог жауапкершілік сезбейді, баланы жай тыныштандырғанын айтады. Алайда басқа балалардың ата-аналары жазбаларды көргенде, тәрбиешіні қызметтен алуды талап етті.
Оқиғаға полиция араласты: «Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу міндетін орындамау» бабымен тергеу басталды. Балабақша әкімшілігі мұндай жағдайға алғаш рет тап болып отыр. Алайда тәрбиешінің үстінен шара қолдана алмай отыр – ол декреттік демалысқа кеткен.
“Қазір тергеу іс-шаралары жүргіп жатыр. Тәрбиеші қазір жұмыстан шеттетілген. Ол декреттік демалыста. Төрт баланың анасы. Мұндай жағдай бірінші рет тіркеліп отыр”, – деді №9 "Айгөлек" балабақшасының меңгерушісі Гүлнар Жұмағалиева.