Мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық спорттың жанашыры Ералы Тоғжанов "Joryq" республикалық ат спорты федерациясының Қамқоршылар кеңесінің жаңа төрағасы болып сайланды. Бұл туралы Alash.kz ұлттық порталы федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Федерация таратқан ақпаратқа сәйкес, Ералы Тоғжанов "Joryq" ұйымы құрылған сәттен бастап-ақ ұлттық спортты дамытуға және "Ұлы дала жорығы" жобасын қолдауға тұрақты түрде үлес қосып келген. Сонымен қатар, оның бастамасымен Қостанай жылқысы қайтадан тұқым ретінде танылған болатын.
Айта кетсек, қысқа уақыт ішінде "Joryq" федерациясы ел ішіндегі үлкен қолдауға ие болып, ұлттық спорт саласындағы маңызды жобалардың біріне айналды. Соның дәлелі ретінде жыл сайын тұрақты ұйымдастырылатын "Ұлы дала жорығы" марафон-бәйгесін атауға болады.
Аталған бәйге соңғы төрт жылда бес рет өткізілді. Осы уақыт ішінде 92 команда, 460 шабандоз және 650-ге жуық жылқы қатысып, 4 000 шақырымнан астам жолды еңсерген. Бұл ерекше жоба бүгінде халықаралық аренада да танылып, Түркия, Мажарстан, Оңтүстік Африка, Қырғызстан, Ресей, Иран сынды елдерден келген шабандоздар да қатыса бастады. Нәтижесінде "Ұлы дала жорығы" шын мәнінде жаһандық сипатқа ие бәйгеге айналып отыр.
Жобаның маңызды жетістіктерінің бірі – қазақтың көне жылқы тұқымдарын қайта жаңғырту. Атап айтқанда, Адай, Қостанай, Жетісу, Алатау арғымақтары, Найман торы мен Әулие ата секілді тұқымдар жұрт назарына қайта ұсынылды.
Алдағы уақытта федерация үш басты стратегиялық бағытты жүзеге асыруды көздеп отыр:
- Араб елдері, АҚШ және Еуропа мемлекеттеріндегі ат спорты ұйымдарымен әріптестікті күшейту;
- Ұзақ қашықтыққа ат баптау дәстүрін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізу;
- Қазақстанды халықаралық ат спорты орталығына айналдыру.
Федерацияның мәлімдеуінше, бұл мақсаттарды жүзеге асыруда Ералы Тоғжановтың ел басқарудағы тәжірибесі мен ұлттық мұраға деген құрметі шешуші рөл атқарады. Оның жетекшілігімен ұйымның жұмысы жаңа деңгейге көтеріледі деген сенім бар.