Соңғы үш жылда 76 қазақстандық оқушы жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атанған. Енді оларға «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алу мүмкіндігі берілмек. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады Alash.kz.
Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар конкурстарының тізбесі қаралды.
Тізбеге математика, физика, химия, биология және басқа да жалпы білім беретін пәндер бойынша өтетін беделді халықаралық білім сайыстарын енгізу ұсынылды.
Айта кетейік, Болашақ халықаралық стипендиясы - қазақстандық жастарға әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарлама.
Жаңа бастама дарынды оқушыларды қолдауды күшейтіп, халықаралық деңгейде топ жарған жас таланттардың білімін әрі қарай дамытуға жол ашуды көздейді.