Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Еңбекақы деңгейі өсті ме?»: Қазақстанда 2025 жылы кімдердің ең жоғары табыс тапқаны белгілі болды

11:20, 09 сәуір 2026

Ұлттық статистика бюросы 2025 жылдың төртінші тоқсанындағы еңбекақы деңгейіне қатысты есеп жариялады, деп жазады Alash.kz. 

Құжатқа сәйкес, елдегі орташа айлық номиналды жалақы өткен жылмен салыстырғанда 8,8%-ға өсіп, 473 158 теңгені құраған. Алайда инфляция деңгейін ескеретін «нақты жалақы индексі» керісінше 3,2%-ға кеміп, соңғы бес жылдағы алғашқы теріс көрсеткішті көрсетті. Сарапшылар статистикадағы жағымды сандар іс жүзінде халықтың сатып алу қабілетінің төмендегенін жасыра алмайтынын айтуда.

Статистикалық мәліметтер номиналды өсім мен нақты табыстың арасында үлкен айырмашылық бар екенін аңғартады. Мәселен, медиандық жалақы (көпшілік алатын нақты сома) 339 912 теңге шамасында тоқтап, орташа көрсеткіштен 1,5 есе аз болып шықты. Бюро өкілдері ресми мәлімдемесінде жалақының номиналды өсімін растап, былай деп көрсетті:

«2025 жылдың IV тоқсанында Қазақстан Республикасы бойынша орташа айлық номиналды жалақы 2024 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда 8,8%-ға өсіп, 473 158 теңгені құрады».

Дегенмен, 12,3%-дық инфляция бұл өсімді толықтай жоққа шығарды.

Өңірлік тұрғыдан алғанда, жағдай әртүрлі. Номиналды жалақы бойынша Астана (659 610 теңге) мен Маңғыстау облысы (658 762 теңге) көш бастап тұрса, Түркістан облысы 324 229 теңгемен ең төменгі көрсеткішті көрсетіп, аутсайдерлер қатарында қалды. Ең қатты құлдырау Атырау облысында байқалды; мұнда нақты жалақы индексі бірден 16,3%-ға азайған. Бұл мұнай өндіру көлемінің төмендеуімен және инфрақұрылымдық мәселелермен байланысты болуы мүмкін. Тек Ақмола облысы мен Алматы қаласында ғана нақты жалақының болмашы болса да өсімі байқалды.

Салалық бөліністе де жағдай мәз емес. Зерттелген 21 саланың тек бесеуінде ғана (ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, коммуналдық қызметтер және жылжымайтын мүлік) нақты табыс өскен. Қалған бағыттарда, соның ішінде мемлекеттік басқару, білім беру және денсаулық сақтау салаларында халықтың нақты табысы азайған. Ең жоғары номиналды жалақы қаржы және сақтандыру саласында (987 485 теңге) тіркелсе, білім беру саласы 329 054 теңгемен ең төменгі сатыда тұр.

Айта кетерлігі, алдағы мамыр айында жарияланатын 2026 жылдың бірінші тоқсанына арналған есеп бұдан да күрделі болуы мүмкін. Оған қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуі мен салық заңнамасындағы басқа да өзгерістер тікелей әсер етпек. Бұл өз кезегінде қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайы мен нақты табысына қосымша қысым түсіруі ықтимал. Сондықтан номиналды өсімге қарамастан, бюджеттің нақты шығындарын бақылау өзекті болып қала береді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар