Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Жаңа Конституция бойынша өтіп жатқан жалпыхалықтық референдумда дауыс берді, деп жазады Alash.kz.
Kazinform хабарлауынша, Мәулен Әшімбаев өз таңдауын елордадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы № 129 учаскеде жасады.
Бүгін – еліміз үшін аса маңызды әрі жауапты күн. Бүкілхалықтық референдумда мемлекетіміздің жаңа Конституциясына қатысты мәселе қаралып жатыр. Конституцияда биліктің қайнар көзі – халық екені нақты жазылған. Сондықтан бүгін азаматтарымыздың өз құқықтарын іске асырып, елдің стратегиялық даму бағытын айқындауға қатысуына мүмкіндік бар.
Референдум – Президент ұсынған «еститін мемлекет» қағидатын жүзеге асырудың бір көрінісі. Бұл қағидат аясында барлық маңызды шешім қоғаммен талқыланып, азаматтардың пікірі ескеріледі. Осы күні қазақстандықтардың азаматтық белсенділік танытып, референдумға қатысып, дауыс беруі өте маңызды. Өйткені еліміздің болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданғанда ешкім шет қалмауы тиіс. Әрбір дауыс маңызды, әрбір дауыс құнды. Бұл азаматтық белсенділіктің көрсеткіші, – деді Мәулен Әшімбаев.
Ол сондай-ақ жаңа Конституция жобасы қабылданған жағдайда заңнама талаптары қатаң сақталатынын атап өтті.
– Біз ең алдымен еліміздің заңнамасын бұзбауымыз керек. Егер бүгін азаматтар жаңа Конституция жобасын қолдаса, онда оның барлық нормаларына сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Оның ішінде Парламентке және басқа да мәселелерге қатысты. Сондықтан алдағы өзгерістер туралы нақты талқылаулар референдум аяқталғаннан кейін жүргізіледі, – деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар ол өтпелі кезеңнің тәртібіне де тоқталды.
– Егер референдум қорытындысы бойынша азаматтар жаңа Конституцияны қолдаса, ол биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Осы уақытқа дейін қолданыстағы заңнама толық көлемде әрекет етеді, яғни барлық норма бұрынғы тәртіппен сақталады. Ал 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енген жағдайда, онда көзделген барлық қажетті шешім қабылданады, – деді Мәулен Әшімбаев.