Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Елдос Сметов Қазақстан қоржынын алғашқы олимпиада алтынымен толтырды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Естеріңізге сала кетейік, 60 келіде сынға түскен отандасымыз алғашқы айналымда нидерландық Торнике Чакадуадан басым түссе, екінші кезеңде украин Дильшот Халматовпен белдесті. Сметов Халматовты “вазарри” әдісімен жеңіп, ширек финалға шықты.
Елдос Сметов олимп шыңын бағындырып, есімін қазақ спорты тарихына алтын әріппен қашап жазды. Тараздық татами шебері осыған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасында финалға шыққанымен қарсыласына есе жіберіп, күміспен күптелген. Ал Токиодағы ойындарда Торнике Чкадуаны жығып, үздік үштікті түйіндеген. Ал бүгін Елдос өміріндегі басты белдесуде бар шеберлігін паш етті.
Сондай-ақ Сметов барлық деңгейдегі дзюдо бәсекесінде алтыннан алқа таққан тұңғыш қазақ палуанына айналды.