Астанада Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Үздік-2024» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Салтанатты марапаттау рәсіміне ҚР Парламентінің депутаттары, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері, әлем біріншіліктері мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары және жүлдегерлері, спорт журналистері қатысты.
Ербол МЫРЗАБОСЫНОВ, Туризм және спорт министрі:
- Биылғы жылдың басты додасы Париж Олимпиадасы мен Паралимпиада болғаны анық. Біздің құрама тарихи жетістіктерге қолжеткізді. Дзюдошы Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – Тәуелсіз Қазақстантарихында дзюдодан бұйырған алғашқы алтын медаль. Гимнастикадан алғаш рет Олимпиада медалін жеңіп алдық. Ол жүлде Нариман Құрбановқа бұйырды. Давид Дегтярев пара-пауэрлифтингтен екі дүркін Паралимпиадачемпионы атанды. Пара-дзюдошы Ақмарал Науатбек Олимпиада шыңын бағындырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен спорт саласында оң өзгерістер басталды. Келесі жылы отандық спортшыларды бірнеше байрақты бәсеке күтіп тұр. 2025 жылдың ақпан айында спортшыларымыз Қытайдың Харбин қаласында өтетін қысқы Азия ойындарына қатысып, қысқы Олимпиада лицензиясы үшін сынға түседі. Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2024 жылы спортшыларымыз жаман нәтиже көрсеткен жоқ, жаңа жылдан одан да үлкен жеңістер күтеміз.
Жыл сайын өтетін дәстүрлі іс-шара барысында ел абыройын асқақтатып, халықаралық аренада жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар мен бапкерлер, спорт саласына елеулі үлес қосқан сала мамандары 20 аталым бойынша марапатталады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік» деп танылғандар:
- Елдос Сметов, Давид Дегтярев – «Жылдың үздік спортшысы»;
- Ғалымжан Жылгелдиев, Юрий Колесников – «Жылдың үздік жаттықтырушысы»;
- Грек-рим, еркін және әйелдер күресіфедерациясы – «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясы»;
- Куанышбек Есекеев, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті – «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясының президенті»;
- Еркебұлан Ілиясов, «Жамбы ату федерациясы» РҚБ президенті – «Үздік спорт меценаты»;
- Ғизат Түсіпаев – «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы»;
- Ерлан Тасболатов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіскері»;
- Дархан Шариғатов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы»;
- Мақат аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі – «Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі»;
- Алматы қаласындағы «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» – «Жылдың үздік спорт ұйымы»;
- Жамбыл облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасы – «Үздікспорттық өңір»;
- Илья Мизерных – «Жас және жасөспірімдер құрамындағы спортшы»;
- Сергей Сергеев – «Жылдың үздік балаларжаттықтырушысы»;
- Надежда Ким – «Дене шынықтыру жәнеспорт саласындағы үздік маман»;
- Ақмарал Науатбек – «Спортта үздік серпін»;
- Жандос Айтбайұлы («Хабар» телеарнасы), Қуаныш Нұрданбекұлы («Егемен Қазақстан» газеті), Назерке Сұлтанбек («Sport+» сайты) – Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаттары.
Жеңімпаздарға арнайы мүсінше, диплом мен 1 миллион теңге қаржылай сыйлық табысталды.
Еске сала кетейік, «Үздік-2024» жобасының бас демеушісі – «Самұрық Қазына» ұлттық әлауқат қоры. Серіктесі – Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
Зарина ӘШІРБЕК
Alash.kz ұлттық порталы