Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ел не дейді? Жасыма сай емес шығар...»: Ләйлә Сұлтанқызының жазбасы көпшілікті ойландырып тастады

14:57, 10 қыркүйек 2026

Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында анасын мысалға келтіре отырып, елдегі зейнеткер әйелдердің тұрмыс-тіршілігі мен қоғамда қалыптасқан «жасыңа сай киін» деген стереотиптерге қатысты ой қозғады, деп хабарлайды Alash.kz.

Тележүргізушінің айтуынша, оның анасы ай сайын 150 мың теңге көлемінде зейнетақы алатын еліміздегі қарапайым зейнеткерлердің бірі. Алайда ол бұл қаражатты өз қажеттілігіне емес, туған-туыстың той-томалағы мен немерелеріне жұмсайды.

«Менің мамам – еліміздегі қарапайым зейнеткерлердің бірі. Ай сайын 150 000 теңге зейнетақы алады. Бірақ оны өзіне емес, той-томалаққа, немерелеріне, ары бері жүрісіне жұмсайды. Өзіне әдемі киім алғысы келсе: «Ел не дейді? Жасыма сай емес шығар...» деп ойлайды», — деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.

Сондай-ақ Ләйлә Сұлтанқызы елімізде 70 жастан асқан шамамен 1,1 миллион адам бар екенін, оның 720 мыңнан астамы әйелдер екенін алға тартты. Осы ретте ол аға буын аналар мен апаларымызды зейнет жасына жеткенде сәннен тыс қалдыратын қоғамдық пікірді ашық сынға алды.

«Неге біз әйелді зейнетке шыққан күні-ақ сәннен де “шығарып саламыз”? “Ашық түсті жастар кисін”, “жасыңа сай емес”, “жасы үлкенге жараспайды”, “елден ұят” деген сөздер апаларымыздың гардеробынан түсті ғана емес, өзін әйел ретінде сезіну құқығын да алып қойды», — деді ол.

Тележүргізуші адам жасының ұлғаюы оның еркіндігі мен өзін қалауынша көрсету мүмкіндігін шектемеуі тиіс деп есептейді.

«70 жас – қою түсті киініп, көзге түспей отыруға шығарылған үкім емес. Әйелдің жасы ұлғайған сайын тыйымы емес, еркіндігі көбеюі керек. “Жасыңызға сай киініңіз” демейік. “Өзіңіз үшін әдемі өмір сүріңіз” дейік», — деп түйіндеді сөзін Ләйлә Сұлтанқызы.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар