Жамбыл облысында жеке балалар футбол клубының бапкері экстремистік мазмұндағы видеоны таратқаны үшін сот үкімімен жазаланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Жамбыл аудандық соты 47 жастағы Ермек Қырықбаевты 2 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.
Тергеу материалдарына сәйкес, өткен жылдың желтоқсан айында Қырықбаев өзінің «Бауырлар» атты Telegram-чатына Қазақстанда тыйым салынған діни уағызшы Дильмурат Абу Мухаммадтың «Жаңа жыл туралы насихат» атты видеосының сілтемесін жіберген.
Сараптама қорытындысы бойынша, аталған бейнежазбада радикалды сәләфизм идеялары, діни үстемдік насихаты және Жаңа жыл мерекесін тойлайтын адамдарды айыптайтын пікірлер болған.
Сот барысында бапкер кінәсін толық мойындап, өкінетінін жеткізді. Ол бейнероликтің заңмен тыйым салынғанын білмегенін, тек таныстарына бөліскенін түсіндірді.
Сот Қырықбаевтың отбасылы екенін, балалары барын және оң мінездемесін ескере отырып, оған ең төменгі жаза ретінде 2 жыл тағайындады.
Белгілі болғандай, Ермек Қырықбаев танымал жаттықтырушы Иван Ильницкий құрған жеке футбол клубында жұмыс істеген. Бұл клубтан Бауыржан Исламхан, Бахтиер Зайнутдинов, Артур Шушеначев, Мухаммеджан Сейсен, Дінмұхамед Караман және Ғалымжан Кенжебек сияқты қазақстандық танымал футболшылар шыққан.