Алматы облысындағы газ жарылысынан зардап шеккен отбасы мүшелерінің денсаулық жағдайы белгілі болды, деп жазады Alash.kz.
Іле ауданына қарасты Екпінді ауылында орын алған жойқын жарылыс салдарынан үйінді астында қалған ана мен оның үш баласы ауруханаға жеткізілді. Қазіргі таңда зардап шеккендердің бірі аса ауыр жағдайда жатыр. Отбасы мүшесінің айтуынша, қайғылы оқиғаға үй ішіндегі жабдықтар емес, жерасты газ құбырының тозуы себеп болуы мүмкін. Алайда жауапты мекеме өкілдері бұл нұсқаны әзірге жоққа шығарып отыр.
Оқиға 17 сәуір күні таңғы уақытта, үй иесі ұлын оқуға дайындап жатқан сәтте болған. Самат Жайылханов сыртқа шығып кеткенде, бөлмедегі жарықты қосқан кезде жойқын жарылыс орын алып, баспана толығымен қираған. Үйінді астында қалған әйелі мен балаларын отағасы көршілерінің көмегімен алып шыққан. Тұрғындардың пайымдауынша, газ жер астындағы ескірген құбырлардан тарап, үй ішіне жиналып қалған.
Зардап шеккендердің қазіргі ахуалы туралы үй иесінің досы Сапарбай Қарабалаев былай деп мәлімдеді:
«Екі баласының денесінің 60 пайызын күйік шалған. Біреуінің беті бері қарады. Анасы екеуін жансақтау бөлімінен палатаға көшірді. Екіншісінің жағдайы ауыр».
Оның айтуынша, отбасы мүшелерінің денсаулығы ғана емес, отағасының да психологиялық және физикалық жағдайы өте күрделі болып отыр.