Қарағандыдағы дүңгіршек үлгісіндегі дәмханада орын алған газ жарылысы қайғылы аяқталды. 22 қаңтарда болған төтенше жағдай салдарынан ауруханаға түскен екі адам алған жарақаттарынан көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға кезінде өрт мекеменің ішкі-сыртқы қаптамасын тез шарпып, төрт адам зардап шеккен болатын. Өрт сөндірушілер қауіптің бетін қайтарып, іштен тағы екі газ баллонын шығарып үлгергенімен, үш адам бірден жансақтау бөліміне түскен еді. Бүгін Денсаулық сақтау басқармасы екі науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмағанын хабарлады.
Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері емделушілердің жағдайы туралы былай деді:
«Екі емделуші де ауруханаға денесінің көп бөлігін күйік шалған, өте ауыр жағдайда жеткізілді. Олар түскен сәттен бастап жансақтау бөлімінде бейінді мамандарды тарта отырып, барлық қажетті мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді. Жүргізілген емдеу шараларының кешеніне қарамастан, өкінішке қарай, науқастар қайтыс болды».
Қазіргі уақытта тағы бір зардап шегуші орташа ауырлық дәрежесіндегі жарақаттармен ем алып жатыр.