Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Дрон шабуылдады»: Министрлік Каспий құбыр консорциумындағы өрт туралы мәлімдеме жасады

16:33, 21 шілде 2026

Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында жүк тиеу үстінде тұрған NELSA танкеріне дрон шабуыл жасап, салдарынан өрт туындады, деп жазады Alash.kz.

Қазақстан Энергетика министрлігінің мәліметінше, оқиға орнында тілсіз жау жедел түрде ауыздықталып, ешкім зардап шекпеген әрі теңізге мұнай төгілмеген. Қазіргі уақытта мамандар кеменің техникалық жағдайы мен оқиғаның салдарын кешенді бағалау үстінде. Өз кезегінде КҚК қауіпсіздік шараларын толық тексеріп аяқтағанға дейін теңіз терминалында мұнай тиеу процесін уақытша тоқтата тұруды ұйғарды.

Айта кету керек, ұзындығы 1,5 мың шақырымға жуықтайтын Каспий құбыр консорциумы – отандық мұнай экспортының басты артериясы. Еліміздегі мұнай экспортының 80%-ға жуығы, яғни Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сияқты ірі кен орындарының шикізаты осы желі арқылы тасымалданады, ал Новороссийск ауданындағы орналасқан терминал әлемдік мұнай жеткізілімінің 1%-ын қамтамасыз етіп отыр.

Бұл жағдай стратегиялық нысан мен оның маңындағы кемелерге бағытталған алғашқы соққы емес. 2025 жылдың қараша айында теңіз дрондарының шабуылынан айлақтан тыс тиеу жүйелерінің бірі зақымданып, экспорттық қуат төмендеп, әлемдік мұнай бағасы өскен еді. Кейіннен, 2026 жылдың қаңтарында шабуылдан жүк күтіп тұрған Delta Harmony мен Matilda танкерлері зақымданып, бұл жағдайды Қазақстан халықаралық энергетикалық инфрақұрылымға төнген қауіп деп бағалап, АҚШ пен Еуропа елдерін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шақырған болатын. Ал осы жылдың шілде айының басында Chevron компаниясы жалдаған Yasa Polaris танкері де осындай шабуылға ұшырағанымен, ол кезде экипаж аман қалып, мұнай экспорты іркіліссіз жалғасқан еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар