Ресей президенті Владимир Путин АҚШ енгізген жаңа санкцияларды “достыққа жат әрекет” деп бағалап, олардың Мәскеу мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынасқа нұқсан келтіретінін мәлімдеді. Дегенмен ол бұл шаралардың Ресей экономикасына айтарлықтай әсер етпейтінін атап өтті, деп хабарлайды Alash.kz Euronews агенттігіне сілтеме жасап.
Путиннің айтуынша, санкциялар – АҚШ тарапынан қысым көрсету әрекеті.
“Өзін құрметтейтін ешбір ел қысыммен ештеңе істемейдi”, – деді Ресей басшысы.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп өз кезегінде Путиннің мәлімдемесіне:
“Ол солай ойлағанына қуаныштымын… Көрейік, не болатынын”, – деп жауап берді.
Бұған дейін АҚШ Ресейдің ірі мұнай компаниялары — “Лукойл” мен “Роснефтьке” жаңа санкциялар енгізген болатын. Еуропалық одақ та 19-пакет шектеу шарасын бекітіп, банктер мен энергетикалық табыс көздеріне бағытталған тыйымдарды күшейтті. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам Мәскеуді Украинадағы атысты тоқтатуға итермелеу мақсатында жасалған.
Путин сондай-ақ Вашингтонды Украинаға “Томагавк” зымырандарын сатудан ескертіп, мұндай әрекетті Ресей аумағына қауіп төндіру деп бағалады. “Егер Ресейге алыс қашықтықтағы қарумен соққы жасалса, жауап өте ауыр, тіпті жойқын болады”, – деді ол.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жаңа санкцияларға қатысты пікір білдіріп, Мәскеу өз мүддесін қорғауға бағытталған шешім қабылдайтынын айтты. “Біз ешкімге қарсы емес, өз пайдамыз үшін әрекет етеміз”, – деді ол.
Соған қарамастан, Путин АҚШ-пен диалогқа дайын екенін және Трамппен жоспарланған кездесудің тек кейінге қалдырылғанын жеткізді. Оның айтуынша, саммитті өткізу туралы ұсыныс АҚШ тарапынан түскен, алайда кездесу жеткілікті дайындықсыз өтпеуі керек.
БАҚ дерегінше, Ресейдің Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы және Кремльдің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев АҚШ-қа барып, Трамп әкімшілігінің өкілдерімен екіжақты қарым-қатынасты талқылаған.