Бас қаламыз Астанада «Қазақстан Жастар конгресі» ЗТБ-ның ұйымдастыруымен Сарыарқа ауданында «Домбыра күні – ұлттың үні» атты мерекелік іс-шара өтті. Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада өнерпаздар қаланы күй күмбіріне бөледі.
Ұлттық өнерді қастерлейтін қауымды қуанышқа бөлеген мерекелік іс-шарада дәстүрлі күйлер мен заманауи шығармалар орындалды. Сонымен бірге, Астана қаласының тұрғындары мен қала қонақтары жас таланттардың жарқын сахналық қойылымдары мен бай мәдени бағдарламаларына куә болды. Дәстүрлі кеш соңында көрермендер арасында ұлттық аспап домбыраның тарихы мен құрылысына байланысты викториналық жарыс ұйымдастырылды. Белсене қатысқан қонақтарға арнайы марапаттар мен сыйлықтар үлестірілді.
Сондай-ақ, мерекелік концертке жиылған көрерменге «Ерке сылқым», «Көңілашар», «Балбырауын» сынды халық арасында кеңінен танымал күйлер орындалып, халық әндері де шырқалды.
Халқымыздың дәстүрін, ұлттығын жандандыратын осындай іс-шаралар жас ұрпақтың қос ішекті домбыраға, ұлттық өнерге деген құлшынысын арттыра түсері анық.
Ұлттық домбыра күні баршамызға құтты болсын!