Қарағандыда зираттағы жұмбақ қабір төңірегіндегі дау ДНҚ сараптамасы арқылы шешілді, деп хабарлайды Alash.kz.
Бір жыл бұрын қарағандылық Айгүл Жәміленова қыста жерленген анасының басына бөтен отбасы құлпытас қойып кеткенін мәлімдеген болатын. Алайда екінші тарап бұл мазаратта өздерінің тәтелері жатқанын айтып, дауласқан. Даудың ушыққаны соншалық, іс сотқа жетіп, мәйітке эксгумация жасалды.
Сот тағайындаған ДНҚ сараптамасының қорытындысы А. Жәміленованың осы уақытқа дейін қателескенін дәлелдеді. Қазіргі таңда өз анасының қайда жерленгенін білмей, аң-таң қалған әйелден екінші отбасы шығын өндіруді талап етіп отыр. Өйткені олар соңғы сәтке дейін марқұмның мазасын алмауды өтінген. Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Осы іске қатысты судья Динара Мутубаева:
«Құзырлы органның атына жерлеу ережелерінің сақталуын және зираттарды күзетуді ұйымдастыруды тиісті деңгейде бақыламағаны үшін жеке ұйғарым шығарылды», — деп мәлімдеді.