Астаналық тұрғын балаларымен бірге Сирияға ұшып кетпек болған, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков телеграм каналында жариялады.
Ол моджахедке тұрмысқа шығып, ИГИЛ-ге қосылмақ болған. Алайда, оны ұшақтан түсіріп, 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Оқиғаның мән-жайы:
Астанада 44 жастағы Әсемгүл Жұмақаеваға қатысты сот үкімі жарияланды. Ол радикалды діни идеологияны жақтаушы болған.
Өткен жылдың жазында ол террористік ұйымдардың өкілдері отырған чатқа қосылған.
Бұл топ Қазақстанда тыйым салынған ұйымның мүшелерін Сирияға аттандыру және Астанада жасырын ұяшық құру үшін адам тартумен айналысқан.
Чаттың әкімшісі – Тәжікстан азаматы Фарух Шами, “Хайат Тахрир аш-Шам” ұйымының содыры.
Оны терроризм үшін бірнеше ел іздеу жариялаған. Жұмақаева осы чатта аса белсенді болған және тағы бір лаңкес Саид Бурятскийді қолдайтынын ашық білдірген.
Сирияға көшу жоспары:
Чатта ол Қазақстанның тағы бір азаматшасымен танысып, екеуі Сирияға бару жоспарын талқылаған. Жұмақаева жаңа танысын Түркия немесе Сауд Арабиясына турист ретінде жетіп, кейін «апайлардың» көмегімен «бауырларға» қосылуға үгіттеген.
Әсемгүлдің мақсаты – лаңкеске тұрмысқа шығу және қыздарын өзімен бірге алып кету болған. Ол күйеуімен ажырасқан, бұрынғы жұбайына балалармен араласуға тыйым салған.
Сондай-ақ, туған анасы мен басқа туыстарымен де қарым-қатынасын үзген.
Оны қалай ұстады?
Жұмақаева балаларымен бірге Алматыға жетіп, Стамбулға билет сатып алған. Алайда, күйеуі полицияға хабарласып, оның балаларды шетелге заңсыз алып кетпек болғанын мәлімдеген. Осылайша, оны әуежайда ұшақтан түсіріп, Қазақстанда қалдырған.
Тергеу барысында оның чаттағы пікірлері мен сөйлесулері зерттеліп, радикалды идеологияны насихаттау, террористік ұйымдарды қолдау, заңсыз әрекеттерге дайындалу белгілері анықталған.
Сот шешімі:
Әсемгүл Жұмақаева терроризмді насихаттау және террористік ұйымның қызметіне қатысуға талпыну баптары бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.