Журналист Динара Сәтжан Жұлдыз Әбдукаримова жоғалтқан пәтерінің ақшасын қайтарып алғанын айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазақстандық тележүргізуші Динара Сәтжан актриса Жұлдыз Әбдукаримованың бұрын жоғалтқан пәтері үшін қаражатты қайтарып алуға қол жеткізгенін мәлімдеді.
Жақында Қайрат Нұртастың жұбайы Динара Сәтжанның шоуына қонақ болып, алаяқтардың құрбаны болғанын айтып берді.
“Жұлдыз Әбдукаримовамен болған сұхбатымызды екі аптада 400 мыңға жуық адам көрді. Төрт жыл бойы ол Астанадағы коттедж қалашығын жарнамалап, сол жерде тұруды армандады. Үй иесіне өзіне тиесілі үлкен пәтерді паркингімен қоса болашақ үйіне айырбастау үшін берген. Алайда соңында ештеңесіз қалды. Екі азаматтық сотта жеңілді. Полицияға арыз жазды. Пресс-конференция өткізді. Бірақ іс алға жылжымады. Біздің сұхбатымыз Диляра Тәжімбетоваға қалай әсер еткенін білмеймін, бірақ өткен аптада Жұлдыз бұл мәселені шешті”, – деп жазды Динара Сәтжан өзінің Instagram парақшасында.
Бұған дейін актриса өзін “бір топ алаяқ адамдардың” алдап кеткенін айтқан болатын. Олардың ішінде бір компанияның басшылары мен олардың жақын туыстары болған. Солардың бірі – Диляра есімді әйел, ол Жұлдыздың сеніміне кіріп, оның пәтерін элиталы коттеджге айырбастауды ұсынған.
Алайда 2022 жылдан бері актриса өз мүлкінің иесі бола алмаған еді.