Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Мексикадағы гастрольдік сапары барысында ерекше мәдени шара өткізді. Ол Мехикодағы Қазақстан Республикасының елшілігіне арнайы барып, жергілікті қазақ диаспорасымен кездесті, деп хабарлайды Alash.kz.
Елшілік қабырғасында өткен жылы жүздесуде Димашты мексикалық қазақстандықтар ыстық ықыласпен қарсы алды. Кездесу барысында әнші бір жасар Халид Йылдыз есімді баланың “тұсаукесер” рәсімін өткізіп, сәбиге ақ жол, жарқын болашақ тіледі. Бұл сәт қазақ халқының ұлттық дәстүрінің шетелде де ұлықталып, ұрпаққа беріліп жатқанын көрсетті.

Мәдени кездесу аясында Димаш Қазақстанның Мексикадағы елшісі Алмурат Турганбековпен бірге тоғызқұмалақ ойнады. Екі елдің достығы мен қазақ мәдениетінің рухани тереңдігін бейнелеген бұл ойын елшілік қонақтары үшін ерекше әсер қалдырды.